22
декабрь
2021
“Ерлік – елге мұра, ұрпаққа - үлгі”
Тәуелсіздік — бабалар арманы, еліміздің киелі қазынасы. Қазақстан тәуелсіздктің бесігінде 30 жыл тербеліп келеді. Осы уақыт аралығында халқымыз талай жетістіктерге жетіп, өз алдына егемен ел болды.Бостандық-ащы термен, төгілген қанмен, рухты жігермен келген ұлы күн. Бейбіт өмірде бақытты ғұмыр кешіп жатсақ та, бізге азаттық сыйлаған батыр бабаларымызды естен шығармау қажетпіз. Осыған орай, 14 желтоқсан күні №3 Күршім гимназиясының мұражайында Тантакова Айсұлудың ұйымдастыруымен 1986 жылы 16 желтоқсанда өткен ызғарлы көтерілістің қатысушы болған, өз достарымен қол бастап, елдің берекелі өмірі үшін үлкен үлесін қосқан Сырымбаев Ерназ Закенұлымен сырлы сұқбат өтті. Сұхбаттың мақсаты-ұлы тұлғаның көрген, білгені туралы оқушыларға мәлімет беріп, егемендікті насихат ету болды. Қонағымыз сол алаңда болған естен кетпес оқиғаларын, нағыз батырлықпен қаза тапқан қаһармандардың ерліктерін, ереуілге шығуының басты себебі мен оның барысын үлгі етіп, баяндап берді. Азаттық жолындағы күрестің қиыншылықтарын, жасында патриоттық сезімімен еш алаңсыз болашақ ұрпақ үшін кедергілерге төтеп бергенін әңгіме барысында жеткізді. Оқушылар болса, Ерназ Закенұлына өз сұрақтарын қойып, пайдалы сұқбат жүргізді, әрі өз өнерлерін салып, тәуелсіздік жайында тамаша әндері мен өлеңдерін оқыды. Көрермендер көтеріліске байланысты бейнесюжет тамашалады. Өздеріне көп тың ақпараттар жинады. Сөз соңында гимназиямыздың директоры Жасұлан Әлибекұлы кейіпкерімізге алғыс айтып, оқушыларды осындай жандардың ержүректігін дәріптеуге шақырды. Тарих пәнінің мұғалімдері Акчаганова Күлзия және Алтаева Зәуре ұстаздарымыз өткен күнді еске түсіріп, болашақпен байланыстыра отырып, Ерназ Закенұлына өз ілтипаттарын білдірді. Сұхбат соңы "Көк тудың желбірегені" атты жүректен ерекше орын алатын әнмен аяқталды.
Желтоқсанның желі мен ызғарына қарсы тұрған жастардың жалынды рухы мен ерліктерінің арқасында шаңырағы биік, керегесі кең мемлекет болып қалыптастық. Бұл жандардың батырлығы жүрегімізде мәңгі сақталып, есімдері алтын әріптермен жазылуы тиіс. Отандастарымызды тәуелсіздік күнімен құттықтаймыз! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!